Банк клиенттерді мыналар туралы хабардар етеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулыға (бұдан әрі - «Қағидалар») өзгеріс енгізді. Ережеге уәкілетті банктен қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу үшін шекті соманы төмендетуге қатысты өзгерістер енгізілді, сондай-ақ ұлттық валютаға елу мың АҚШ долларынан асатын сомада қолма-қол емес шетел валютасын сатып алуға өтінім беру үшін жаңа талаптар белгіленді.
Сіздің назарыңызға Қағидалардың 19-23 тармақтарының жаңа редакциясын ұсынамыз.
«19. Резидент-заңды тұлғалар (уәкілетті банктерді қоспағанда) шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға бір уәкілетті банктен бір операциялық күні ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын баламасы елу мың АҚШ долларынан аспайтын сомаға сатып алады.
Шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға шетел валютасын шетел банктеріндегі меншікті шоттарға аудару, шетел валютасындағы өтеусіз ақша аударымдары, сондай-ақ шетел валютасын уәкілетті банктердегі шоттарға орналастыру жатады.
20. Резидент-заңды тұлға (уәкілетті банкті қоспағанда) баламасы елу мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алуға өтінімді ресімдеу кезінде сатып алу мақсатын көрсетеді, сондай-ақ өтінімге валюталық шарттың көшірмесін және шотты немесе орындау үшін шетел валютасы сатып алынатын өзге ақы төлеу құжатын қоса береді. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу өтініміне резидент-заңды тұлға (уәкілетті банкті қоспағанда) оны пайдаланбаған жағдайда, осы резидент-заңды тұлғамен оның акционерлері, құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлінетін таза кірісті немесе оның бөлігін төлеу мақсатына сатып алынған шетел валютасынан басқа, сол валютаны ұлттық валютаға он жұмыс күні ішінде үшкүндік мерзімде сатуға уәкілетті банкке нұсқауын қоса береді.
Егер валюталық шартқа есептік нөмірді алу талабы қолданылатын болса, онда есептік нөмір тағайындау туралы белгімен немесе тіркеу куәлігінің көшірмесімен, немесе хабарлама туралы куәліктің көшірмесімен бірге валюталық шарттың көшірмесі ұсынылады.
Уәкілетті ұйымдардың уәкілетті банктен ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алуы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензия және оған қолданыстағы қосымшаның (қолданыстағы қосымшалардың) негізінде жүзеге асырылады.
21. Резидент заңды тұлғаның (уәкілетті банкті қоспағанда) баламасы елу мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу өтінімін орындау кезінде уәкілетті банк өтінімде көрсетілген шетел валютасын сатып алу мақсатын және сомасын растайтын валюталық шартпен және шотпен немесе шетел валютасын сатып алу мақсатын және сомасын растайтын өзге ақы төлеу құжатымен, сондай-ақ осы валюталық шарт негізінде шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу Қағидаларына сәйкес бұрын жүзеге асырылған қолда бар мәліметтермен салыстырып тексереді.
Резидент-заңды тұлғаның өтінімдері негізінде есептелген бір валюталық шарт бойынша қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алудың жалпы сомасының валюталық шарт сомасынан асып кетуіне жол берілмейді.
22. Резидент-заңды тұлға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алынған бұрын ресімделген өтінімге Қағидалардың 20-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес ресімделген қосымша өтінімді уәкілетті банкке ұсынған кезде, Қағидалардың 19 және 20-тармақтарына сәйкес сатып алынған қолма-қол ақшасыз шетел валютасын басқа валюталық шарт бойынша шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты өзге де мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі.
23. Уәкілетті банк резидент-заңды тұлғаның қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу өтінімін Қағидалардың 19, 20 және 22-тармақтарына сәйкес ресімделмеген жағдайда, сондай-ақ егер:
бір валюталық шарт бойынша резидент-заңды тұлғаның өтінімі негізінде есептелген қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу сомасы осындай валюталық шарттың және шоттың немесе төлемге өзге құжаттың сомасынан асып кетсе;
бір резидент-заңды тұлға бір уәкілетті банк арқылы резидент-заңды тұлғаның өтінімі негізінде есептелген шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға бір операция күні ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу сомасы баламасы елу мың АҚШ долларынан асып кетсе орындауға қабылдамайды.»
Қағидаларға енгізілген жоғарыдағы өзгертулер 2020 жылдың 23 наурызынан бастап күшіне енді.
