Алаяқтардан қалай қорғануға болады
Жалпы қауіпсіздік ережелері
- Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.
- Телефон немесе Интернет арқылы келген өтініштерді орындауға асықпаңыз.
- Күрделі құпиясөздерді және екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз.
- Гаджеттердегі қосымшалар мен операциялық жүйені үнемі жаңартып отырыңыз.
Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз
- Дереу 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз немесе https://qamqor.gov.kz/ сайтындағы «Полицияға арыз беру» бөлімі арқылы өтініш беріңіз.
- Картадан ақша есептен шығару әрекеттері болған жағдайда, картаны банк немесе банк қосымшасы арқылы бұғаттаңыз.
- Көмек алу үшін 116 бірыңғай нөміріне хабарласуыңызға болады.
Маңызды! Сіз алаяқтардың банктік шотын Антифрод-орталығы арқылы Банкке тиісті ақпарат беру немесе полицияға хабарласу арқылы бұғаттай аласыз.
Алаяқтықтың негізгі схемалары
1. «Қызметкерлер мен ұйымдардан» қоңырау шалу
Алаяқтар өздерін банк, полиция, прокуратура, экономикалық тергеу қызметтері, пошта, ұялы байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар «күдікті операциялар», «шоттың бұзылуы», есептегіш құралдарын жаңарту қажеттілігі, телефон нөмірінің қолданылу мерзімін ұзарту, сәлемдемені алу туралы айтып, кодты хабарлауды немесе ақша аударуды сұрайды.
Кеңестер:
- Құпиясөздерді, PIN-кодты, CVV және SMS арқылы келген кодтарды ешқашан айтпаңыз.
- Қоңырауды аяқтап, банкке өзіңіз хабарласыңыз.
- Барлық қаражатыңызды бір банк картасында сақтамаңыз.
- Ешқандай «қауіпсіз шоттар» болмайды.
- Мессенджерлердегі фотосуреттерге, арнайы киімге, логотиптерге және «лауазымдарға» сенбеңіз. Ресми органдар азаматтардың WhatsApp арқылы қоңырау шалмайды және телефон арқылы тергеу әрекеттерін жүргізбейді.
2. «Туысыңыздан» келген қоңырау алдау амалы болуы мүмкін
Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, сізге таныс адамның дауысын қолдан жасап, «жедел түрде» емделуге, айыппұл төлеуге немесе «құтқаруға» ақша аударуды сұрайды.
Кеңестер:
- Жақын адамыңызға өзінің нақты телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.
- Жауабын тек өзі ғана білетін сұрақ қойыңыз.
- Егде жастағы туыстарыңызды ескертіңіз: олар көбінесе осындай алаяқтық схемалардың құрбаны болады.
3. Фишингтік SMS және сілтемелері бар хабарламалар
Жалған сайтқа сілтемесі бар немесе құпия ақпаратты ұсынуды сұрайтын, банктерден, дүкендерден және басқа ұйымдардан («1414», «Egov», «QazPost», «E-Salyk», Ұлттық банк және т.б.) келген ресми хабарламаларға ұқсайтын жалған хабарламалар таратылады.
Кеңестер:
- SMS-хабарламалардағы, мессенджерлердегі және электрондық пошталардағы сілтемелерге өтпеңіз және мұндай хабарламаларға жауап бермеңіз.
- Бейтаныс сайттарға карта деректерін немесе жеке ақпаратты енгізбеңіз.
- Сенімді антивирусты орнатыңыз.
4. Вирустық бағдарламалар
Алаяқтар зиянды қосымшалар мен баннерлерді таратады: олар телефонды бұғаттауы немесе сіздің жеке деректеріңізді ұрлауы мүмкін.
Кеңестер:
- Қосымшаларды тек ресми дүкендерден (Play Market, App Store) жүктеңіз.
- Пікірлер мен әзірлеушінің атын тексеріңіз.
- Күдікті сайттарға кірмеңіз және олардан файлдар жүктемеңіз.
- Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ештеңе орнатпаңыз, тіпті «телефонды теңшеуге көмектесетіндерін» айтса да.
5. Жалған интернет-дүкендер
Алаяқтар танымал дүкендердің көшірмесі болып көрінетін жалған сайттар жасайды (мысалы, Wildberries, Temu және т.б.).
Кеңестер:
- Тек сенімді беделді сайттардан ғана сатып алуды жасаңыз. Сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз, жалған сайттар бір әріппен немесе таңбамен ерекшеленуі мүмкін.
- Пікірлерді оқыңыз және сатушының рейтингін қараңыз.
- Бейтаныс шоттарға немесе карталарға ешқашан алдын ала төлем жасамаңыз.
6. Жеңіл ақшаны уәде ету
Алаяқтар, соның ішінде танымал тұлғалардың жалған суреттерін қолдана отырып, сізді «тәуекелсіз инвестиция», «қазір инвестициялаңыз және үлкен пайда табыңыз», «бұл әділ мәміле, тек ақша аударсаңыз болды» деген сылтаумен ақша салуға көндіреді.
Кеңестер:
- Тәуекелсіз жылдам табыс табу туралы жарнамаға сенбеңіз, бұл алдау тәсілі.
- Алғашқы күдік туындаған кезде, қарым-қатынасты тоқтатыңыз.
- Компания туралы ақпаратты ресми дереккөздер мен пікірлер арқылы қайта тексеріңіз.
- «Комиссия үшін» немесе «белсендіру үшін» ақша аудармаңыз.
7. Жалған қайырымдылық ұйымдары
Төтенше жағдайлар, қайғылы оқиғалар немесе біреудің басына түскен қиындықтар туралы жаңалықтар кезінде алаяқтар көмек сұрайтын хабарламалар таратады: «Емге қаражат жинау», «Отбасы баспанасыз қалды», «Балаға операция қажет» және т.б.
Кеңестер:
- SMS-хабарламалардағы және мессенджерлердегі сілтемелерге өтпеңіз және ақша аудармаңыз. Ұйымды ресми сайт немесе сенімді ақпарат көздері арқылы тексеріңіз.
- Қаражатты тек белгілі қайырымдылық қорлар арқылы ғана аударыңыз (мысалы, Қызыл Жарты Ай қоғамы және т.б.).
8. «Сіз жүлде ұтып алдыңыз!»
Алаяқтар «Сіз ұтыс ойынының жеңімпазы атандыңыз!» деп хабарласып немесе қоңырау шалып, «жүлдені» алу үшін комиссияны, салықты немесе жеткізу ақысын төлеуді сұрайды.
Кеңестер:
- Мұндай хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз.
- Белгісіз сайттарда жеке деректеріңізді енгізбеңіз.
- Қатысу, салық немесе жеткізу үшін ақша аудармаңыз.
9. Жұмысқа орналастыру және бизнес
Алаяқтар жоғары жалақыны, қашықтан жұмысты немесе тиімді серіктестікті ұсынады. Олар «тіркеу», «комиссия» немесе «оқыту» үшін төлем жасауды сұрайды, содан кейін байланысқа шықпай қояды.
Кеңестер:
- Спам-хабарламалардағы және күмәнді хабарландырулардағы сілтемелерге өтпеңіз. Жұмысқа орналастыру, жұмыс орындары базасына кіру немесе «бизнеске кіру» үшін ақша аудармаңыз.
- Жұмыс беруші мен компанияның веб-сайтын ашық дереккөздер арқылы тексеріңіз.
Алаяқтық туралы қайда хабарлауға болады?
- https://qamqor.gov.kz/ порталының бастапқы бетінде «Полицияға арыз беру» бөлімі арқылы немесе 102 нөмірі бойынша полицияға қоңырау шалу арқылы.
Алаяқтық схемалардың жаңа түрлері туралы қосымша ақпаратты ҚР ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің ресми Instagram парақшасынан (https://www.instagram.com/cybercrime.kz/) таба аласыз.