Дропперлік: клиенттер үшін қандай қауіп төндіреді?
Дропперлік дегеніміз не?
Дропперлік деп келесі түсініледі:
- Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз беру, табыстау немесе сатып алу.
- Материалдық сыйақы алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың мүддесі үшін заңсыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру.
Неге тыйым салынады?
Банктік шот, төлем картасы және оларға қол жеткізу құралдары (ПИН-код, CVV/CVC-код, құпиясөздер, SMS және OTP-кодтар, мобильді банктік қосымша) тек иесінің пайдалануына ғана арналған.
Төмендегі әрекеттерге тыйым салынады:
- Банктік картасын немесе банктік шотқа қолжетімділікті сыйақы үшін басқа тұлғаға беру.
- Үшінші тұлғалардың өтінішімен және олардың мүддесі үшін банктік шоттарды ашу немесе төлем карталарын ресімдеу.
- PIN-кодты, CVV/CVC-кодты, құпиясөздерді, SMS және OTP-растау кодтарын кез келген тұлғаға жіберу.
- Сыйақы үшін үшінші тұлғалардың мүддесіне қолма-қол қаражат алу немесе қаражат аударымдарын жасау.
- Басқа тұлғаның атына банктік шоттарды ашу немесе банктік өнімдерді рәсімдеу үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсыну.
Жауапкершілік
Жасалған әрекеттердің сипатына, құқық бұзушылықтың ауырлығына және алынған пайда мөлшеріне байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес айыппұл салу немесе мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Өзге де салдарлар
Қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, келесі салдарлар туындауы мүмкін:
- Тергеу және сот талқылауы кезеңіне Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша тыйым салынуы.
- Банктік шоттар мен төлем карталарының бұғатталуы, банктік қызмет көрсету шартының бұзылуы және қаржылық қызмет көрсетуден бас тартылуы.
- Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес келтірілген залалды және негізсіз байытуды өндіріп алу.
Алаяқтар дропперлікке қалай тартады?
Ең кең таралған тәсілдер:
- Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі «жеңіл табыс» ұсыныстары.
- Банктік картаны ресімдеу үшін сыйақы ұсынатын жұмыс туралы хабарландырулар.
- Ақша аударымын қабылдап, қаражатты басқа адамға аудару туралы сұраулар.
- Қолма-қол ақшаны шешіп алып, оны курьерге беруді ұсыну.
- Банктік картаны немесе банктік шотты «жалға беру» туралы ұсыныстар.
- Жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушінің немесе делдалдың банктік картаны беру туралы талаптары.
Егер карта немесе шотқа қолжетімділік беріліп қойса
Егер сіз банктік карта, банктік шоттың деректемелерін немесе оған қол жеткізу құралдарын үшінші тұлғаларға беріп қойған болсаңыз:
- Картаны банктің мобильді қосымшасы арқылы дереу бұғаттаңыз немесе банк бөлімшесіне хабарласыңыз.
- 102 нөмірі бойынша құқық қорғау органдарына болған оқиға туралы дереу хабарлаңыз.
Осы құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған, ол туралы өз еркімен мәлімдеген және оны ашуға белсенді түрде жәрдемдескен тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына ескертпеге сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екеніне назар аударамыз.
Есте сақтаңыз
Банктік шот, төлем картасы және оларға қол жеткізу құралдары тек Сіздің жеке пайдалануыңызға ғана арналған. Оларды ешқашан сіздің атыңыздан пайдалану үшін басқа тұлғаларға бермеңіз.